Талғарда тек шетелдіктерге арналған казино аймағы ашылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві 

Алматы облысының Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа казино аймағы ашылуы мүмкін. Жоба қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алып, қазір заңнама аясында қарастырылып жатыр.

Жаңа ойын аймағы не үшін Талғарда ашылады

Талғар ауданын таңдау өңірдің туристік әлеуетімен байланысты. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан. Сонымен қатар мұнда «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешені, «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курорты, Aquaasia Resort және Tal Resort сияқты ірі туристік нысандар шоғырланған.

Өңірлік Туризм басқармасының мәліметінше, жаңа ойын аймағы туристік экожүйенің бір бөлігі ретінде дамиды. Бұл туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін көбейтіп, сервистік инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді.

Ойын бизнесі бюджетке қанша кіріс әкелді

Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілері 2026 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық аударған. Оның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке түскен.

Соңғы екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түссе, оның 53,8 млрд теңгесі жергілікті бюджет кірісіне бағытталған.

Қонаевтағы казинолар туризмге қалай әсер етіп жатыр

Қазір Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Бұл салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.

Туризм басқармасының дерегінше, Қонаевтағы казиноларға келушілердің шамамен 20%-ы – шетел азаматтары. Олар қонақүйлерде тоқтап, қоғамдық тамақтану орындарына барады, көлік пен өзге де қызметтерді пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңір экономикасының жандануына оң әсер етеді.

Еске сала кетейік наурыз айында Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Оған сәйкес бірден еліміздің төрт өңірінде казинолар салынатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз