Экономика

Араб елдері қазақ қойының етінен неге бас тартып жатыр

Қазақ қойының етін араб елдері аз импорттай бастағанымен көрші елдер алмастырып жатыр / фото: ЖИ көмегімен жасалған

TradeReport мәліметінше, Қазақстан 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында шетелге 35,4 млн доллардың салқындатылған және жаңа сойылған қой етін экспорттаған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,1 есе көп. 2025 жылдың алғашқы бес айында экспорт көлемі 16,7 млн доллар болған.

Экспорттың физикалық көлемі де артты. Қазақстан бес айда сыртқы нарықтарға 12,1 мың тонна қой етін жөнелткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 9,3 мың тонна болған. Өсім – 29,5%. Бұл қаңтар-мамыр аралығындағы тарихи рекорд саналады.

Алайда экспорттың күрт өсуіне бір ғана сатып алушы әсер етіп отыр. Ол – Өзбекстан.

Былтыр Қазақстан Өзбекстанға 11,9 млн доллардың қой етін сатса, биыл көрсеткіш 33,6 млн долларға жеткен. Яғни жеткізілім бір жылда 2,8 есе өсті. Қазір Қазақстаннан экспортталатын қой етінің 94,9%-ы Өзбекстанға жіберіледі.

Ал басқа нарықтардағы жағдай керісінше. Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорт екі есеге жуық азайып, 1,1 млн доллар болды. Қатарға жеткізілім 66%, Тәжікстанға 43%-ға қысқарған. Былтыр Қазақстан қой етін сатып алған Қырғызстан, Иран және Кувейт биыл бұл өнімді мүлдем импорттамаған.

Өзбекстан неге қой етін көп сатып алып жатыр?

Бұған Өзбекстандағы ет бағасының өсуі себеп болып отыр. Наурыз айының қорытындысы бойынша, сиыр еті бір жылда 15%-ға, қой еті 18%-ға қымбаттаған.

Өзбекстан ет импортын 2025 жылдың өзінде-ақ күрт арттырды. Бір жыл ішінде қой етінің импорты 13,4 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін өскен. Ақшалай есептегенде импорт көлемі 26,3 млн доллардан 72 млн долларға жетті.

Сиыр етінің импорты да 67%-ға өсіп, 156,9 мың тоннаны немесе 661 млн долларды құрады.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Өзбекстан үкіметі сиыр және қой етін ұшақпен тасымалдау шығынының 50%-ын субсидиялай бастады. Мемлекет әр килограммға 0,8 доллардан аспайтын көлемде өтемақы төлейді.

Алайда жеңілдік тек 2026 жылғы 1 тамызға дейін жарамды. Яғни қазақстандық қой еті Өзбекстанда жаңа әрі тұрақты нарық қалыптасқандықтан ғана сатылып жатқан жоқ. Ташкент азық-түлік инфляциясын тежеу үшін ет тасымалы шығынының бір бөлігін уақытша өзі төлеп отыр.

Қазақстанда қой етіне жол ашық қалды

Экспорттың өсуіне Қазақстандағы шектеулер де әсер еткен болуы мүмкін. 2025 жылы Қазақстан ішкі нарықтағы ет көлемін сақтау үшін сиыр етінің экспортына квота енгізіп, тірі ірі қараны шетелге шығаруға тыйым салған еді. Ал қой етіне мұндай шектеулер қолданылған жоқ.

Нәтижесінде көрші елдерге ет экспортын арттырудың негізгі ашық бағыты қой еті болып қалды. Басқаша айтқанда, сиыр еті мен тірі мал ел ішінде ұсталғанда, қой еті экспорттаушылар үшін ашық тұрған жалғыз есікке айналды.

Рекорд тамыздан кейін сақтала ма?

Өзбекстандағы етті әуе арқылы тасымалдауға берілетін субсидия 1 тамызда аяқталады. Сарапшы Ернар Серіктің ойынша одан кейін екі сценарий болуы мүмкін. Біріншісі – Өзбекстандағы сұраныс мемлекеттік қолдаусыз да жоғары деңгейде сақталады. Екіншісі – логистика қымбаттап, Қазақстанның қой еті экспорты қайта төмендейді.

Сондықтан қазіргі рекордты тұрақты жетістік деп айтуға әлі ерте. Қыркүйектен кейінгі көрсеткіштер бұл өсімнің нақты нарықтық сұранысқа сүйенгенін немесе уақытша субсидияның әсері болғанын көрсетеді.