Балқаш суында Mercedes-Benz-пен жүйткіген тараздық 10 күнге қамалды

Балқаш жағалауында Mercedes-Benz көлігімен қауіпті әрекет жасаған жүргізуші 10 тәулікке қамалды.
Полиция қызметкерлері Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көлінің тура жағалауында және судың ішінде адамдар, жас балалар шомылып жүрген кезде Mercedes-Benz автокөлігін жүргізіп, қауіп төндірген 40 жастағы жүргізушіні анықтады.
«Ол осы әрекетімен айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Құқық бұзушы Тараз қаласының тұрғыны Нұрлан Исаев болып шықты. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды», – делінген полиция ақпаратында.
Полиция «жаппай демалыс орындары – қауіпті ойын-сауықтың орны емес» екенін ескертті. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылып, кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылмақ.
Ал Семейде көліктің капотына отырып видео түсірген екі қызға айыппұл салынған еді.