Ақкенженов АҚШ елшісімен энергетикалық қауіпсіздік мәселесін талқылады

Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ-тың Астанадағы елшісі Джули Стаффтпен кездесті. Жүздесуде өңірдің энергетикалық қауіпсіздік мәселелері сөз болды.
Министрлік таратқан ресми мәліметке қарағанда, кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Олар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.
«Өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экспорттық инфрақұрылымның сенімді жұмыс істеуі және әлемдік нарықтарға энергия ресурстарын тұрақты жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды», – деп таратты министрлік.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялар тартуға және энергетика саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған стратегиялық энергетикалық әріптестік аясындағы белсенді диалогты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Айта кетейік, Астанадағы бұл кездесу Каспий құбыры консорсиумы төңірегіндегі ахуал шиеленіскен тұста өтті. Бір күн бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, КҚК төңірегіндегі жағдайды талқылаған.
Кейінгі бірнеше күнде Украина дрондары консорциумның стратегиялық нысандарын дрондармен атқылап жатыр. Шабуылдар Қазақстанның мұнай өндірісіне кері әсер етті. Мәселен, 30 шілдеге қараған түні «Теңізшевройл» мұнайы тиелген танкерге украин дрондары шабуылдады.