Қонаевта «F1H2O» сайысынан әлем чемпионаты өтеді

Жарияланды
Қонаевта «F1H2O» сайысынан әлем чемпионаты өтеді
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Әлемге әйгілі судағы «F1H2O» сайысы алдағы 5 жыл бойы Қапшағай су қоймасында өтуі мүмкін. Халықаралық сайыстың ұйымдастырушылары арнайы Алматы облысына келіп, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевпен кездесті, деп хабарлады өңірлік әкімдік.

Жиында әлемдік F1H2O ұйымы, iHolding компаниясы және Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдері мен Алматы облысының әкімі 2027 жылғы әлем чемпионатын Қонаев қаласында өткізу туралы келісімге қол қойған.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан – әлем чемпионатын қабылдайтын алтыншы мемлекет атанбақ. Жарысқа шетелден кемінде 5 мың қонақ келеді деп күтіліп отыр. Жергілікті тұрғындар мен туристерді қосқанда олардың саны тіптен артады. Сондай-ақ су бетіндегі шеберлік пен жылдамдықты жақсы көретін 1 миллиардқа жуық көрермен жарысты тікелей эфирден тамашалайды деп күтілуде..

«Сауд Арабиясы спорт саласында әлемдегі ең үздік жобаларды іске асырып келеді. Бұл белсенді демалысты дамытып, салауатты өмір салтын сақтауға септігін тигізеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында «Tengri ultra» марафоны мен «Oceanman» ашық суда жүзу жарысы өткізіледі. Одан бөлек республикалық деңгейдегі түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Мұндай халықаралық шаралар туризмді дамытып, өңірдің өркендеуіне жол ашады. Сондықтан біз бұл жобаны бірлесіп іске асыруға дайынбыз», – деді Марат Елеусізұлы.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

KSA ProMediaPortal және F1H2O ұйымдарының өкілі әрі басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями қазіргі таңда чемпионатқа 11 мемлекет қатысатынын айтты. Бұл талабы жоғары күрделі жарыс болғандықтан, мұнда арнайы дайындықтан өткен командалар ғана бақ сынай алады. Чемпионат барысында көрерменнің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. VIP-аймақтар, жарысты басқару орталығы, командалардың дайындығына арналған аумақ және медиа орталық қарастырылады. Сондай-ақ отбасылық демалысқа арналған орындар да құрылады. Онда еліміздің мәдениеті таныстырылып, ұлттық тағамдар мен кәдесыйлар ұсынылады. Спорт сайысынан бөлек түрлі мерекелік іс-шаралар жанкүйерлер көңілін көтереді. Жарыстың жабылу салтанатында ауқымды гала-концерт өткізіліп, онда әлемге танымал жұлдыздар өнер көрсетеді.

«Бүгінде Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында берік ынтымақтастық орнаған. Біз Алматы облысының даму көрсеткіштерін зерттеп, оның болашағы зор екенін көрдік. Алдағы уақытта бұл аймақ халықаралық бизнес орталығына айналады деп сенеміз», – деді басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями.

Демек, алдағы 5 жылда Алматы облысына әлемнің түкпір-түкпірінен спортсүйер жанкүйер ағылып, Қонаев туристер толассыз келетін орталыққа айналады. Чемпионат елді дүниежүзіне танытып, оның көркем табиғаты мен мүмкіндіктерін әлемге әйгілейді. Өңірге инвестиция тартуға, инфрақұрылымын жақсартуға және экономиканы ілгерілетуге де зор ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз