Ресейдің хоккей құрамасы 2027 жылға дейін халықаралық жарыстардан шеттетілді

Ресей мен Беларусь құрамалары келесі маусымда да халықаралық шайбалы хоккей турнирлеріне қатыса алмайды. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) мұны қауіпсіздік пен спорттық әділдікті сақтау қажеттілігімен түсіндірді, деп жазады Reuters.
Тыйым салынған жарыстар
Шешімге сәйкес, Ресей командалары 2026–2027 жылдардағы маусымда IIHF аясында өтетін жарыстардан толық шеттетіледі. Мұның ішінде ерлер арасындағы Әлем чемпионаты, жастар біріншілігі және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер турнирлері бар.
Беларусь та жастар арасындағы Әлем чемпионатына жіберілмейді. Дегенмен, бұл елді 18 жасқа дейінгі командалар сайысына және Әйелдер арасындағы IV дивизион чемпионатына қосу жоспарланған.
Ресейдің 2027 жылғы Әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысу мәселесі бөлек қарастырылады. IIHF Кеңесі бұл шешімді 2026 жылдың қарашасында сол кездегі жағдайға сәйкес қабылдайды.
Санкция салынған
Екі елге салынған шектеу 2022 жылдың ақпанында басталды. Бұған Мәскеудің Украинаға басып кіруі және ресми Минскінің оны қолдауы себеп болды.
Биыл мамырда IIHF Ресейді әр турнирге жеке бағалау арқылы жіберуді жоспарлаған еді. Ал қаңтардағы толық тыйым салу туралы шешім Ресей апелляциясынан кейін күшін жойған болатын.
Тыйымның ұзартылуы салдарынан Ұлттық хоккей лигасында (NHL) өнер көрсететін ресейлік ойыншылар да өз елінің намысын қорғай алмайды. Ресей құрамасы Милан-Кортина Қысқы Олимпиадасынан да шеттетілген еді.
ХОК ұстанымымен алшақтық
IIHF шешімі Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) соңғы қадамдарына қайшы келеді. ХОК осы айда Ресей Олимпиада комитетіне салынған тыйымды уақытша жойған болатын. Бұл Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Олимпиада қарсаңындағы оң өзгеріс деп бағаланды.
Бұған дейін ХОК халықаралық федерацияларға 23 жасқа дейінгі ресейлік және белоруссиялық спортшыларды жарыстарға қайта жіберуді ұсынған еді
Ресей IIHF Әлем чемпионатын бес рет жеңіп алған. Ерлер арасындағы келесі біріншілік мамыр айында Германияда өтеді.
Бұған дейін «Альп-2030» қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті жарыстың ресми логотиптері мен шрифтін таныстырып, шара өтетін орындарды белгілеген.