Экономика

«Теңізшевройл» мұнайы тиелген танкерге дрон соғылды

КҚК танкерге мұнай тиеу сәті (архив) / фото: Екатерина Якель / Коммерсантъ

Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеп жатқан танкерге дрон шабуыл жасады. Кемеде өрт шығып, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.

КТК баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 30 шілде күні Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де болған. Маршалл аралдарының туы астында жүрген NISSOS SIFNOS танкері сол сәтте ВПУ-3 айлағында тұрған. Танкерге тиеліп жатқан мұнайды «Теңізшевройл» компаниясы жөнелткен.

Дрон кеменің жүк палубасындағы мұнай қабылдайтын жабдықтар орналасқан бөлігіне соғылған. Соққыдан кейін өрт тұтанып, оны экипаж мүшелері КТК-ның үш қосалқы кемесінің көмегімен сөндірді.

Зардап шеккендер жоқ. Теңізге мұнай төгілмеген. Экипажды эвакуациялау немесе медициналық көмек көрсету қажет болмады. Танкер су бетінде қалып, қазір мамандар кемеге келген зақым көлемін анықтап жатыр.

Бұдан бөлек, терминалдан алты теңіз милі қашықтықта MARATHI танкеріне де шабуыл жасалған. Мэн аралының туы астындағы кеме КТК терминалына мұнай тиеуге келе жатқан. Екінші шабуылдың салдары әзірге жарияланған жоқ.

Осы жағдайдан кейін КТК теңіз терминалындағы мұнай тиеуді тоқтатты. Ал құбыр жүйесінің басқа нысандары қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

КТК болған оқиғаны террористік шабуыл деп атап, оның халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға, кеме экипаждарына және Қара теңіз экологиясына қауіп төндіретінін мәлімдеді. Шабуылды кім жасағаны айтылмады.

Айта кетейік, КТК 27 шілдеде ғана бұған дейінгі шабуылдан кейін мұнай тасымалын қайта бастаған еді. Бұл бағыт Қазақстан үшін аса маңызды: ел экспорттайтын мұнайдың 80%-дан астамы осы жүйе арқылы өтеді.

Сонымен қатар күні кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы КҚК төңірегіндегі жағдайды талқылады.

КТК арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі кен орындарының мұнайы шетел нарығына шығарылады. Сондықтан терминал жұмысының тоқтауы Қазақстанның мұнай экспортына тікелей әсер етуі мүмкін.