Ұстаз туралы түсірілген фильм Испаниядағы кинофестивальге қатысады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы

Қазақстандық «Mūğalım» фильмі Испанияда 18–26 қыркүйек аралығында өтетін 74-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің «New Directors» байқау бағдарламасына енді. Туындының әлемдік тұсаукесері 20 қыркүйекке жоспарланған.

«New Directors» – фестивальдің негізгі секцияларының бірі. Ол алғашқы немесе екінші толықметражды туындысын ұсынған әлемдегі жас режиссерлерді таныстыруға және қолдауға бағытталған. Кезінде бұл бағдарлама «Оскар» сыйлығының иегері, оңтүстіккореялық режиссер Пон Джун Хоны халықаралық кино қауымдастығына танытқан еді.

Туынды Балқаш қаласында тұратын музыка пәнінің мұғалімі туралы баяндайды. Үлкен қалаға көшуді армандаған басты кейіпкерге өз арманына қол жеткізу мүмкіндігі туғанда, өнерге адал болу мен өз өмір жолын таңдау арасында күрделі шешім қабылдауға тура келеді.

Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Бұл фильм – режиссер Аяна Нұрдинованың толықметражды кинодағы дебюттік жұмысы. Сондай-ақ Сан-Себастьян кинофестивалінің тарихында қазақстандық әйел режиссер ұсынған алғашқы туынды. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова. Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жәнісбекова, Гүлнәр Дусматова, Ольга Ландина, Бақытжан Әлпейіс, Мадина Есман, Анна Старченко және Акиф Петров сомдады.

Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

2025 жылы «Қажымұқан» фильмі Италиядағы фестивальден бірнеше жүлдемен оралған.

Сондай-ақ оқыңыз