Экономика

Зейнетақы қоры құрылғалы бері қанша инвестициялық табыс тапты

ЕНПФ
БЖЗҚ құрылғалы бері қанша инвестициялық табыс тапты/ Аскар Ахметуллин

1998 жылы елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгеннен бері жиналған инвестициялық табыс 1 109,05%-ға жетті. Осы аралықтағы инфляция 995,04%-ды құрағанын ескерсек, зейнетақы қорындағы ақша құнсызданып кетпей, керісінше өскенін көреміз.

Ал 2014 жылдың сәуірінде барлық жинақ БЖЗҚ-ға (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) біріктірілгеннен бері Ұлттық банк бұл ақшаны айналымға салып, салымшыларға 11,15 трлн теңгеден астам таза пайда түсірді. Түсініктірек айтсақ, қазіргі таңда қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы жалпы жинағының 41,4%-ы – осы инвестициялық табыс.

Соңғы бір жылдағы табыс қанша?

2025 жылдың шілдесінен 2026 жылдың маусымына дейінгі 12 айда міндетті және ерікті жарналардан құралған зейнетақы активтері 2,51 трлн теңге табыс әкеліп, кірістілік 10,29% болды.

Жұмыс беруші төлейтін жарналардың инвестициялық табысы 122,77 млрд теңгені құрап, кірістілік 16,84%-ға жетті.

Әрине, қаржы нарығы мен валюта бағамы үнемі құбылып тұрады. Сондықтан табыс көлемін қысқа мерзіммен емес, ұзақ жылдардың нәтижесімен бағалаған дұрыс.

Ақшаны жеке басқарушыға берсе бола ма?

Қазір әркім өз жинағының бір бөлігін (міндетті жарнаның 50%-ына дейін, ерікті жарнаның 100%-ын) жеке инвестициялық компанияларға (ИПБ) сеніп тапсыра алады. Ол үшін салымшының жасына және зейнетке шығу мерзіміне байланысты 3 түрлі портфель ұсынылады:

  1. Жалпы портфель (Ki 12): Жасына қарамастан барша салымшыға арналған. Табысы соңғы 12 айдың қорытындысымен есептеледі.
  2. Орта мерзімді портфель (Ki 36): Зейнетке шығуына 3 жылдан аз уақыт қалғандарға арналған. Нәтижесі 36 ай ішінде бағаланады.
  3. Ұзақ мерзімді портфель (Ki 60): Зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт бар азаматтар үшін қолайлы. Кірістілігі 60 айдың қорытындысы бойынша анықталады.

Өз жинағыңызға қанша табыс қосылғанын тексеру өте оңай. Оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинетіңізден немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасынан кез келген уақытта көре аласыз. Ал зейнетақы активтерінің қайда және қалай инвестицияланып жатқаны туралы толық ақпарат www.enpf.kz пен invest.enpf.kz сайттарында үнемі жаңартылып отырады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдан бастап тек зейнетақы төлемдерін өтеудің жекелеген тетіктері ғана қайта қаралады. Бұл өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту және азаматтардың өз ақшасын басқару мүмкіндігін кеңейту үшін енгізіліп отыр.