Жаңа оқу жылының қарсаңында баспананы жалға беру қымбаттайды

Жаңа оқу жылының қарсаңында Қазақстанда баспананы жалға алу нарығы қыза түсті. Еліміздің басым бөлігінде пәтер ақысының өскені байқалады.
krisha.kz дерегінше, бір ай ішінде ел бойынша шаршы метрді жалға алу құны орта есеппен 3,1%-ға өсті. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ешқандай өңірінде баға баға төмендемеген, ал Тараз бен Түркістанда бұрынғы деңгейде сақталған.
Шілде айында баға қарқынды өскен қалалар:
- Астана: +6,9%
- Қонаев: +6,5%
- Талдықорған: +5,9%
- Қостанай: +4,4%
Алматыда баспананы жалға алу бағасы 3,4%-ға, ал Шымкентте 3,2%-ға қымбаттады.
Айта кетерлігі биылғы жазда Астанада бір және үш бөлмелі пәтерлерді жалға беру бағасы Алматыдан асып түсті. Қазір елордада бір бөлмелі пәтерді жалға алу айына орта есеппен 220 мың теңге болса (Алматыда – 210 мың теңге), үш бөлмелі пәтерді жалдау 500 мың теңгеге дейін (Алматыда — 400 мың теңге) жетеді.
Сарапшылар мұны Астанадағы пәтерлердің ауданы үлкен болатынымен түсіндіреді.
«Шаршы метр бағасы арзанырақ болғанымен, пәтердің жалпы аумағы үлкен болғандықтан, соңғы төлемақы жоғары шығады», – дейді олар.
Сарапшылар бағаның өсуіне басты себеп ретінде жаңа оқу жылына дайындық пен жатақханадан орын тимей қалған студенттер сұранысының артуы себеп болғанын айтады. Мәселен, тек Алматының өзінде 220 мыңнан астам студент оқыса, оның 150 мыңға жуығы басқа өңірлерден келгендер.