25 см пышақ сұққан: сотта Шерхан Аймаханның тергеуде берген жауабы оқылды

Шымкент сотында Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханның тергеу кезінде берген жауабы оқылды. Істі қарап жатқан судья Саммидин Темірәлиев айыпталушының сотта айтқаны мен тергеудегі жауабының бір-біріне сәйкес келмейтінін айтты.
Тергеу кезінде Шерхан Аймахан «2025 жылдың 31 тамызы Нұрай Алматыға оқуына кетті. Біз бір ай сайын жолығып тұрамыз деп келістік. Содан кейін Нұрай студент болғандықтан, сыйлық ретінде ақша салып тұрдым. Нұрайға үйленетінімді айтып жүрдім. Сөз салдым. Біздің сөйлесіп жүргенімізді Нұрайды ағалары мен анасы білді. Нұрай екеуміз үйленеміз деп келісіп, үйіндегілерді кейін көндіреміз деп ойладық. 2025 жылы Алматыдан Шымкентке бірге шығып, Жамбыл облысына жеткен кезде үйімдегілерге Нұрайды алып келе жатырмын деп айттым» деп жауап берген.
Судья осы тұста сотталушының соттағы жауабы мүлде басқа болғанын айтты.
«Кешегі сотта үйіңізге келген кезде олар дайын болмағанын, содан туысыңыздың үйіне апарып күтіп отырғаныңызды айттыңыз. Қай жауабыңыз дұрыс?», – деп сұрады судья сотталушыдан.
Сотталушы сұраққа жауап бере алмады. Судья қылмыс болған 2026 жылдың 11 қаңтарына қатысты да сұрақ қойды.
Тергеуде Шерхан Аймахан «Нұрайға 18:00 кезінде кездесейік деп жаздым. Нұрай келісті. Нұрайдың Шымкенттегі үйіне 17:50 кезінде бардым. Сол кезде неге екенін білмеймін көлік ішінде тұрған қара түсті пышағымды толстовкамның қалтасына салып алдым. Мен келген соң 5 минуттан кейін Нұрай да келді. Оған президент саябағына қарай жүріп қайтайық дегенімде, ол артына қарамай үйіне қарай кетіп бара жатты. “Тоқташы» дегеніме құлақ аспады. Не себепті істегенімді білмеймін…қалтама салып алған ұзындығы шамамен 25 см болатын пышақты шығарып, Нұрайға тыға бастадым. Нұрайға пышақ тығып алған соң автокөлігіме барып, бірден Түркістан облысы Сайрам ауданына қарай жолға шықтым. Қасымбек Датқа ауылындағы мешіт жанында тұрып қолым қанады. Себебі Нұрайды пышақтаған кезде оң қолымды кесіп алған екенмін. Нұрайға тыққан пышақпен өзіме қол салмақ болдым. Кішкене тығып, өзіме қол салуға дәтім бармады. Көлікті көше бойына қойып, Нұрайды пышақтаған пышақ пен автокөлікте тұрған екінші пышақты алып, сайға қарай түсіп кеттім. Сол сайда бір күн отырып, 12 қаңтарда полиция бөлімшеге жеткізді” деген.
Бұған дейін Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды пышақтаған сәт есінде жоқ екенін айтты.
Нұрай Серікбайдың қазасы
Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».