+44 градус: синоптиктер тамыз айында ауа райы қандай болатынын айтты

Жаз мезгілінің соңғы айы – тамызда елдің оңтүстігі мен батысында аптап ыстық сақталса, республиканың солтүстік жартысында жаңбырлы ауа райы болады.
Синоптиктердің болжамынша, тамыздың бірінші онкүндігінде еліміздің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, бұрқақ жаууы ықтимал.
Солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында кей күндері қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Дегенмен елдің батысы мен орталығында бірінші онкүндіктің ортасынан бастап жауын-шашын біртіндеп тоқтайды.
- Батыс пен солтүстік-батыста күндізгі ауа температурасы +25…+35 градустан +34…+39 градусқа дейін, Атырау облысының оңтүстігінде +41 градусқа дейін, ал Маңғыстау облысында +35…+40 градустан +39…+44 градусқа дейін біртіндеп көтеріледі.
- Солтүстік өңірлер мен Қостанай облысында күндізгі температура +25…+35 градустан +20…+28 градусқа дейін төмендейді, бірақ онкүндік соңына қарай қайтадан +30…+38 градусқа дейін ысиды.
- Оңтүстікте ауа температурасы +39…+44 градустан +29…+36 градусқа дейін төмендейді.
- Орталық пен шығыста +33…+41 градусқа дейінгі қатты ыстық пен +22…+31 градус шамасындағы қоңыржай ыстық ауа райы алмасып тұрады.
- Оңтүстік-шығыста ауа температурасы алдымен +34…+39 градус (Жамбыл облысында +42 градусқа дейін) болып, кейін +27…+35 градусқа дейін төмендейді.
Тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде республиканың солтүстік жартысында түнде ауа температурасы +3…+8 градустан +10…+18 градусқа дейін, күндіз +17…+25 градустан +25…+35 градусқа дейін ауытқиды.
Ал батыс пен оңтүстік өңірлерде түнде +17…+27 градустан +13…+18 градусқа дейін, күндіз +32…+42 градустан +25…+35 градусқа дейін төмендеуі күтіледі.