
Биыл әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңға жуық балаға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі. Оған жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бір балаға көмектің ең төменгі мөлшері – шамамен 50 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық.
Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жекелеген өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін.
«Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі», – деп таратты министрлік.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажет.
Тақырыпқа орай: Мектеп формасын белгілі бір брендтен сатып алуға міндеттеу – заңсыз.