Алматы мен Измир арасында тікелей әуе рейсі ашылды

31 шілдеден бастап Алматы мен Измир қалалары арасында тікелей әуе рейсі іске қосылады. Оны Қазақстан нарығына енді ғана кірген SunExpress түрік әуе компаниясы орындайды.
Жаңа бағыт Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланысты одан әрі нығайтып, қаланың халықаралық әуе желісін кеңейтеді.
«Измир – Түркияның ірі туристік және экономикалық орталықтарының бірі, сонымен бірге Эгей теңізі жағалауының басты әуе қақпасы. Жаңа рейс екі қала арасындағы қатынасты жеңілдетіп, туристер легінің артуына ықпал етеді», – деп есептейді Алматы әкімдігі.
Рейстер 2026 жылдың қазан айының соңына дейін аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Boeing 737-800 ұшағымен орындалады. Ұшақ Измирден сағат 21:00-де ұшып, ертесіне таңғы сағат 05:00-де Алматыға қонады. Кері бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады: Алматыдан ұшу – 06:25, Измирге қону – 09:50.
Халықаралық әуе бағыттарын көбейту – Алматының туристік әлеуетін арттырудағы басым бағыттардың бірі. Жаңа рейс қаланың көлік қолжетімділігін жақсартып қана қоймай, Алматының Орталық Азиядағы жетекші туристік әрі авиациялық хаб ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады, деп хабарлайды мегаполис әкімдігі.