Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының амфитеаты бар кешен салынады

Алматы әкімдігі Гоголь және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы трамвай депосының орнына креативті кластердің құрылысы басталғанын хабарлады.
Нысанның жалпы ауданы шамамен 32 мың шаршы метр. Кластер құрамында төмендегідей нысандар мен кеңістіктер қарастырылған:
- көпфункциялы концерт залы;
- қоғамдық холл мен іс-шараларға арналған кеңістік;
- креативті индустрия өкілдеріне арналған студия мен шеберхана;
- қазақстандық дизайнерлердің шоурумдары;
- заманауи өнер галереясы;
- қалалық іс-шаралар өткізуге арналған атриум;
- креативті кәсіпкерлерге арналған кеңсе кеңістіктері.
Бұдан бөлек, жоба аясында амфитеатр, жазғы сахна, саябақ аймағы және балалар ойын инфрақұрылымы бар көркейтілген аумақ салынып, тұрғындар үшін ашық әрі қолжетімді қоғамдық кеңістік қалыптастырылады.

Әкімдік аталған аумақтың ұзақ уақыт бойы пайдаланылмауы жобаны әзірлеу мен келісу жұмыстарының күрделілігімен байланысты болғанын атап өтті.
«Жоба қала құрылысы мен сараптаманың барлық кезеңінен өтуді талап етті. Жоба Қала құрылысы кеңесінің мақұлдауына ие болып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Яғни бүгінде жобаның тұжырымдамасы ғана емес, жобалық құжаттамасы да толық бекітілген. Ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыстың белсенді кезеңі басталды», – деп атап өтті әкімдікте.
Хабарламада жоба адами капитал мен креативті экономиканы дамытуға бағытталған жаңа орталыққа айналатыны айтылған.
Бұған дейін, Үлкен Алматы көліне апаратын соқпақ кеңейтіліп, аспалы жол салынатынын жазғанбыз.