Азия мен Еуропа елдері келесі Әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін

Азия футболының бас басқарушы ұйымы (АФК) ФИФА-ның соңғы коммерциялық жобасына қатысты УЕФА мен КОНКАКАФ-тың қатаң позициясын толық қолдайтынын мәлімдеді. Ұйымдардың арасындағы туындаған келіспеушілік соншалық, конфедерациялар тарапынан келесі Әлем чемпионатына қатысудан бас тартып, жаһандық турнирге бойкот жариялау қаупі туындап отыр.
Даудың басы – FIFA Forward Enterprise
Даудың туындауына ФИФА-ның 28 шілдеде жариялаған жаңа шешімі себеп болды. Халықаралық футбол федерациясы FIFA Forward Enterprise (FFE) деп аталатын жаңа құрылым құрып, оған ұйымның медиалық және коммерциялық құқықтарын, соның ішінде Әлем чемпионаттарын трансляциялау құқығын жеке инвесторларға беруді жоспарлаған. Бұл ретте ФИФА FFE үстінен жалғыз өзі бақылау жүргізіп, турнирлер мен күнтізбені басқарудағы шектеусіз құзыретін сақтап қалмақ.
Бұл бастамаға бірінші болып Еуропа (УЕФА) мен Солтүстік және Орталық Америка (КОНКАКАФ) конфедерациялары қарсы шыққан болатын. Енді олардың қатарына Азия футбол конфедерациясы да қосылды.
АФК жариялаған ресми мәлімдемеде футболдың болашағына қатысты терең алаңдаушылық білдірілген:
«АФК УЕФА және КОНКАКАФ-пен ынтымақтастығын білдіре отырып, ФИФА-ның негізгі турнирлерге жеке инвестициялар тарту ұсынысына және FIFA Forward Enterprise төңірегіндегі шешім қабылдау процесіне қатысты олардың терең алаңдаушылығын бөліседі.
АФК-ның ФИФА-ға талабы
Азия конфедерациясы ФИФА басшылығын шұғыл түрде шешім қабылдау және басқару жүйесін қайта қарауға шақырды. АФК өкілдерінің айтуынша, жаһандық маңызы бар бастамалар барлық мүдделі тараптармен толыққанды кеңесу арқылы және ФИФА-ның жарғылық органдарының тиісті бақылауымен ғана әзірленуі қажет.
Азия мен Еуропаның алып ұйымдары бұл жобаға түбегейлі қарсылық білдіріп жатқандықтан, ФИФА бұл шешімін қайта карамаса, алдағы Әлем чемпионаты тарихтағы ең үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп ФИФА президентін БҰҰ-ның бас хатшысы қызметінде көргісі келетінін айтқан еді.