Германияда аптап ыстықтан 10 мыңға жуық адам көз жұмды

Жыл басынан бері Германияда аптап ыстықтан 10 мыңға жуық адам көз жұмды деп жазады DW. Германиялық Роберт Кох институты (RKI) 19 шілдедегі жағдай бойынша қатты ыстықтан 9 800 адамның көз жұмғанын хабарлады.
RKI деректері бойынша, бұрынғы ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркелген. Ол кезде жыл бойы ыстықтың зардабынан шамамен 8 900 адам қайтыс болған еді.
Маусымның соңында 5 мыңнан астам адам қайтыс болды
Жағдай маусым айының екінші жартысында ауыр болды. Бұл кезде елдің көптеген аймақтарында ауа температурасы 40 градусқа жетті. Осы кезеңде 5 мыңнан астам өлім дерегі тіркелді.
Ыстыққа әсіресе қарт адамдар осал келеді. Қайтыс болғандардың арасында 7 880 адам 75 және одан жоғары жастағылар болып шықты. Сонымен қатар, қаза тапқандардың арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп. Алайда RKI мұны егде жастағы топтарда әйелдердің үлесі басым болуымен түсіндіреді.
Мамандар жоғары температураның өзі тікелей өлім себебі бола бермейтінін айтады. Әдетте, адамның өлімі ауаның қатты ысуы мен бұрыннан бар созылмалы аурулардың асқынуынан орын алады.
Бұған дейін дәрігерлер аптап ыстыққа байланысты тұрғындарға кеңес берген еді.