Заңсыз смартфондарға тықыр таяды: нарықтағы ойын ережесі қалай өзгеріп жатыр

Үш аптадан кейін мобильді құрылғылар нарығында сұр сегменттің үлесін айтарлықтай азайтуды көздейтін жаңа реттеу ережелері күшіне енеді. Жаңа ережелер бір жылдан сәл астам уақыт бұрын іске қосылған IMEI арқылы мобильді құрылғыларды тіркеу мен тексеру жүйесін толықтырып, күшейтеді. Осыған байланысты нарықтың ірі қатысушылары елде смартфон сатып алу тәсілін өзгертіп жатыр. «Freedom Электроника» гаджеттердің заңдылығын тексеру сервисін іске қосып, клиенттеріне сұр құрылғыларды ресми құрылғыларға айырбастауды ұсынуда.
20 тамыздан кейін не өзгереді
Бір ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда қызметін реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және байланыс туралы заңдарға енгізілген түзетулерге қол қойды. Олар 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енді. Осы сәттен бастап сатушы смартфонды сатқанға дейін оның IMEI-ін (телефонның идентификациялық нөмірін) мемлекеттік базадан тексеруге және құрылғының бұғатталмағанына әрі шектеулері жоқ екеніне, яғни міндетті верификациядан өткеніне көз жеткізуге міндетті. Түзетулер сатушыны IMEI-ді клиентке ұсынуға міндеттейді, сәйкесінше, сатып алушылар мәмілеге дейін идентификациялық кодты талап етуге құқылы. Тағы бір өзгешелігі – сауда жасау кезінде сатушы құрылғының IMEI-ін фискалдық чекке тіркеуге міндетті.
20 тамыздан бастап өзгерістер электронды сауда алаңдарына (маркетплейстерге) да әсер етеді, олар үшін телефондар мен гаджеттер ең ірі тауар санаты болып саналады (2025 жылдың қорытындысы бойынша ақшалай мәндегі бөлшек сауданың шамамен 17%-ы). Енді маркетплейстер агенттік шартына сатушыны құрылғының IMEI деректер базасында бұғатталмағанын немесе шектеуі жоғын тексеруге міндеттейтін тармақты енгізуге тиіс.
Верификациядан өтпеген мобильді құрылғылар техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейді деп танылады.Бұл оларды Қазақстанда сатуға тікелей тыйым салады, ал тыйымды бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамада айыппұлдар қарастырылған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабына сай, техникалық регламентке сәйкес келмейтін тауарды өткізгені үшін айтарлықтай айыппұлдар қарастырылған. Жеке тұлға үшін бұл 90 АЕК (немесе 389 мың теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 195 АЕК (843 мың теңге), орта бизнес үшін – 310 АЕК (1,63 млн теңге), ал ірі бизнес үшін айыппұл 2 есе өсіп, 600 АЕК-ке дейін жетеді (2,6 млн теңгеге дейін). Техникалық реттеу туралы заңда жеке және заңды тұлғалардың техреттеу саласындағы талаптарды сақтамағаны үшін жауапты болатыны анық жазылған», – деп түсіндіреді «САПА» Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамының жетекшісі Тұрсын Жапарова.

Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда бизнестің көлеміне байланысты айыппұлдар 1,5-нан 2 есеге дейін өсетінін де қоса кетейік. Бірақ өскен айыппұлдар ең басты санкция емес. Мемлекет техрегламент талаптарын бұзған кәсіпкердің өнімін тәркілеуі немесе қызметін тоқтата тұруы мүмкін.
Жоғарыда сипатталған түзетулер мобильді құрылғыларды верификациялаудың қолданыстағы жүйесін толықтырады әрі күшейтеді. Еске сала кетейік, 2025 жылдың наурыз айының соңынан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу мен тексерудің жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Енді жаңа (немесе елге әкелінген) гаджетке SIM-карта салынған кезде, автоматты түрде IMEI арқылы верификация процесі іске қосылады, оның барысында үш негізгі шарт тексеріледі: идентификациялық нөмірдің түпнұсқалығы, оның халықаралық ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар базасында (GSMA) болмауы, сондай-ақ ҚР салық және кеден жүйелері тарапынан заңды түрде әкелінгені.
Тексеру нәтижесі бойынша құрылғылар үш тізімге бөлінеді. Ақ тізімге сәтті верификацияланған гаджеттер түседі (2025 жылғы 25 наурызға дейін қосылған барлық құрылғылар ол жерге автоматты түрде енгізілген). Сұр тізімге қосымша тексеруді талап ететін құрылғылар уақытша, 30 күнге енгізіледі; осы уақыт ішінде иесі елге заңды түрде әкелгенін растайтын дәлелдеме ұсынуға тиіс. Егер верификация өтілмесе, құрылғы автоматты түрде қара тізімге өтіп, бұғатталады. Алғашқы бұғаттаулар 2025 жылдың тамыз айында басталды.
Сұр сегменттің қазіргі үлесі
Жаңашылдықтар гаджеттерді заңсыз импорттау есебінен қалыптасатын сұр сегменттің үлесін азайтуға бағытталған. Верификация жүйесі іске қосылғанға дейін көлеңкелі айналым деңгейі өте жоғары болды: 2025 жылдың ақпан айында депутат Екатерина Смышляева нарықтың ресми қатысушыларының деректеріне сүйене отырып, өткен жылдың қорытындысы бойынша заңсыз әкелінген құрылғылардың үлесі жалпы нарық көлемінің 64%-ын құрағанын мәлімдеді; ал премиум-сегментте көрсеткіш одан да жоғары болды. Apple смартфондары бойынша сұр импорттың үлесі 75%-ға дейін жеткен.
Верификация жүйесі іске қосылғалы ресми қатысушылар нарықтың көлеңкеден шығу тенденциясын тіркеп отыр.
«Бүгінде смартфондарды ресми сату үлесі орта есеппен шамамен 60%-ды құрайды, көрсеткіш брендке байланысты өзгеріп отырады», – дейді Freedom Mobile ЖШС директоры Антон Судариков (Freedom SuperApp қосымшасындағы «Электроника» сервисі).

Нарықтың көлеңкеден шығу тенденциясын басқа да цифрлар көрсетеді. Судариковтың айтуынша, 2026 жылдың алғашқы 20 аптасында ақшалай мәндегі ресми сату өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 43%-ға өскен. Осы деректерді келтіре отырып, спикер динамикада инфляцияның үлесі, өндірушілер тарапынан бағаның өсуі мен доллар бағамының құбылуы да бар деген маңызды ескерту жасайды.
Дегенмен, верификацияланбаған аппаратты сатып алу қаупі әлі де жоғары болып отыр. IMEI верификациясының ақпараттық жүйесін жеткізуші ATS Mediafon KZ компаниясының деректері бойынша 2026 жылғы шілде айының ортасында қара тізімде 1,1 млн-ға жуық бірегей IMEI-код болған (салыстыру үшін: 2025 жылдың қарашасында 264 мың еді), ал сұр тізімге 2,2 млн-нан сәл астам бірегей код түскен. Еске сала кетейік, IMEI-кодтардың саны құрылғылардың санына тең емес: бір аппаратта төртке дейін IMEI болуы мүмкін.
Нарық қатысушыларының реакциясы
Смартфондар нарығында жаңа ережелер енгізіп жатқан мемлекеттің ұтысы айқын.
«IMEI-кодтарды верификациялау енгізілгенге дейін аппараттардың төрттен бір бөлігі ғана заңды түрде әкелінген еді. Бұл шамамен 100-120 млрд теңге қаражат салыққа түспей қалғанын білдіреді», – дейді қаржылық консультант Расул Рысмамбетов. Оның пікірінше, түзетулер бөлшек сауда сегментіндегі ашықтықты арттыруға бағытталған. «Бағыт түсінікті: бөлшек сауда неғұрлым ашық болса, сұр схемаларға орын соғұрлым аз. Ал жиналатын салық көбейеді», – деп атап өтеді сарапшы.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев смартфон нарығының көлеңкеден шығуынан мемлекет кім, не және қашан сатып алғанын біліп, верификацияланған құрылғылар базасына ие болатынына назар аударады.
«Бұл цифрлық экономика үшін, алаяқтықпен күресу үшін, финтех-қызметтерді дамыту үшін іргетас болады. Таза IMEI-і бар смартфон – цифрлық экономиканың сәйкестендірілген қатысушысы. Ал сұр мәртебесі бар смартфон – жүйедегі тесік», – деп есептейді ол.

Жаңа ережелер біртіндеп тұтынушылық мінез-құлықты өзгертеді. Рысмамбетовтың айтуынша, IMEI-ді міндетті түрде ашу нарықты заңды және сұр деп екі сегментке анық бөледі. «Егер бұрын бұғатталу тәуекелі тек мүмкін делініп келсе, енді заң оны мәміле жасау сәтінде-ақ айқын етеді. Сәйкесінше, сатып алушы тәуекелден қашуға бейім болады, – деп жалғастырады сарапшы. – Верификацияланбаған және заңды аппараттардың бағасы арасындағы айырмашылық әлі де айтарлықтай, бірақ бұғатталу тәуекелі айқын, тіпті құжатпен расталған кезде, жеңілдік бұрынғыдай қызықты болмайды».
Ресми ойыншылар өзгерістер смартфон нарығының ары қарай көлеңкеден шығуына ықпал етіп, сатудың заңды арналарының үлесі 85%-ға дейін өсуі мүмкін деп есептейді. «Заңнамаға түзетулер күшіне енгеннен кейін сатып алушылар смартфон сатып алмас бұрын IMEI верификация мәртебесін жиі тексеретін болады деп күтеміз. Бұл азық-түлік белгілеріндегі жарамдылық мерзімін тексеру сияқты әдетке айналуға тиіс», – дейді Антон Судариков.
Сатып алу сәтінде мұндай тексеруді барынша қарапайым әрі қолжетімді ету үшін Freedom Mobile ЖШС абоненттік құрылғыларды верификациялау жүйесімен бірлесіп, Freedom SuperApp қосымшасының «Электроника» бөлімінде IMEI-ді тексеретін құралды іске қосты.
«Процедура небәрі 10 секундты алады. Тіпті біздің дүкенде емес, басқа сөренің алдында тұрсаңыз да, сатушыдан IMEI-ді сұрап, оны қосымшаға енгізесіз. Егер мәртебесі «расталған» болса, сенімді түрде сатып алыңыз. Егер олай болмаса, ондай құрылғыдан бас тартып, смартфондары верификацияланған ресми дүкенді таңдаған дұрыс», – деп түсіндіреді Судариков.
Бұдан бөлек, «Freedom Электроника» trade-in бағдарламасы бойынша сұр телефонды ресми телефонға айырбастауға дайын.
Егер сұр нарық азайса, ресми реселлерлер арасындағы бәсекелестік күшейе түседі. Бағалар бір деңгейге түскен жағдайда, оларға клиенттерді тартудың жаңа жолдарын іздеуге тура келеді.