Сеутадағы көші-қон дағдарысы: Франция Испаниямен шекараға әскер жеткізді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Сеута анклав-қаласындағы өршіп тұрған көші-қон дағдарысына байланысты Франция Испаниямен шекарасына әскерилер, ұшақтар мен дрон аппараттарын жеткізгенін мәлімдеді. Бұл туралы Франция Президенті Эммануэль Макрон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Жылдам әрекет ету күштерінің төрт бөлiмшесi, ұшақтар мен ұшқышсыз аппараттар орналастырылды», — деді Франция басшысы.

Сонымен қатар, ол Испания Премьер-министрі Педро Санчеспен байланысқа шығып, Мадридке өз тілеулестігін білдіргенін және кез келген қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Дағдарыстың мән-жайы

Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, соңғы күндері Марокко тарапынан Сеутаға түртүрлі бағалаулар бойынша 40 мыңнан 60 мыңға дейін заңсыз мигрант өткен. Оқиға жергілікті инфрақұрылымның толық күйреуіне әкеп соқтырды.

Жағдайдың мұншалықты шиеленісуіне Испания Жоғарғы сотының шешімі түрткі болды. Сот эксклавқа жүзіп жеткен мигранттарды Мароккоға автоматты түрде кері қайтаруға тыйым салған еді.

Франция шекаралық бақылауды күшейтсе, Италия, Финляндия және Дания босқындар ағынын тоқтату мақсатында Испанияны Шенген аймағынан уақытша шығаруды немесе ол елмен келісімді тоқтата тұруды ұсынды.

Бұған дейін марокколық мигранттардың Солтүстік Африкадағы испан анклавы — Сеутаға жаппай өтуге ұмтылғаны хабарланған болатын. Мыңдаған адам қалаға жүзіп жетіп, салдарынан шаһар гуманитарлық әрі әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Адам ағынының тым көптігінен жергілікті билік жағдайды ауыздықтау үшін армияны тартуға мәжбүр болды.

Сондай-ақ оқыңыз