Lifestyle

Екі немересі бар Айгүл Иманбаева шынайы жасы 30-да екенін айтты

Айгүл Иманбаева / фото: Instagram

Актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева энергетикалық жасы отызға енді жақындағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай жетістікке адам еңбекпен, біліммен қол жеткізеді.

«Менің қазіргі жасым 50-де. Ұлым 30-ға келіп қалды. Екі немерем бар. Әжемін! Бірақ менің энергетикалық жасым 30-ға енді жақындады. Оны мен іштей сезінемін. Тайраңдап, тайтаңдап: «трендтен қалмайын, жас болайын» деп «дурочкаларын» қосып алып жүретіндер болады. Ондай емес. Бұл менің ішкі күйім. Қазіргі қалпым. Мен содан ләззат аламын», – деді актриса.

Айгүл Иманбаеваның сөзінше, ол қазір шығармашылықта үлкен дайындық үстінде. Шығармашылық адам ретінде мүлде жаңа, тың дүние ұсынуға уәде беріп отыр.

«Мұның бәрі жылдар бойы адаспаймын деп адасып, күймеймін деп күйіп, жұмыс жасағанның нәтижесімен ғана келген жеңістерім. Талай жеңілістердің арқасында жеңіске жеткен адаммын. «Сен де қуып кеттің ба?» демеңіздер. Діннен де, психологиядан да, әдебиеттен де, мәдениеттен де сабақ алу, ішіме қазына қылып жинау – жап-жаңа Айгүлді қабылдауым үшін жасалған жұмыстар. Сондықтан бақыттымын», – деді актриса.

Мұның алдында Айгүл Иманбаева күйеуінен жырақтап, неліктен шетелде тұрып жатқанын түсіндірген болатын.