Никол Пашинян қайта Арменияның премьер-министрі болып тағайындалды

Армения президенті Ваагн Хачатурянның жарлығымен Никол Пашинян Республика премьер-министрі қызметіне қайта тағайындалды.
Бұл туралы Armenpress агенттігі хабарлады.
«Конституцияның 149-бабының 1-бөлігіне сәйкес Никол Пашинян Армения Республикасының премьер-министрі болып тағайындалсын», – делінген Президенттің ресми сайтында жарияланған жарлықта.
2 тамызда Арменияда 7 маусымда өткен парламент сайлауының қорытындысы бойынша жасақталған жаңа парламенттің алғашқы сессиясы басталды. Ел Конституциясына сәйкес, жаңадан сайланған парламенттің бірінші отырысы күні үкімет отставкаға кетуге міндетті.
Осыған байланысты Никол Пашинян үкіметтің отставкасы туралы өтінішке қол қойып, оны президенттің қарауына жолдады. Кейін Ваагн Хачатурян министрлер кабинетінің отставкасын қабылдады.
Артынша Конституцияның 149-бабының талаптарына сәйкес мемлекет басшысы парламенттегі көпшілік ұсынған кандидатты премьер-министр етіп тағайындады. Парламентте басымдыққа ие «Азаматтық келісім» партиясы бұл қызметке қайтадан Никол Пашинянның кандидатурасын ұсынған болатын.