Health

Тұздың пайдасы мен зияны

unsplash.com, бильд-редактор: Дастан Шанай

Тұз – адамзат рационындағы ең көне әрі маңызды нәрсе. Ол ағзадағы көптеген физиологиялық процестерге қатысады және жасушалардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігі тұзды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертіп отыр. Сондықтан оның пайдасы мен зияны ең алдымен тұтыну мөлшеріне байланысты.

Тұздың ағзаға пайдасы

Тұз ағзадағы су-тұз теңгерімін сақтауға көмектеседі және қан қысымының қалыпты деңгейде болуына ықпал етеді. Сондай-ақ ол жүйке импульстарының берілуіне, бұлшықеттердің жиырылуына қатысады. Тұздың құрамындағы натрий жүрек пен мидың дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет.

Ал йодталған тұзды пайдалану йод тапшылығының алдын алып, қалқанша безі ауруларының даму қаупін төмендетуге көмектеседі.

Артық тұздың қандай қаупі бар?

Мамандардың айтуынша, тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар ол ағзада сұйықтықтың жиналуына себеп болып, бүйрек пен жүрекке қосымша салмақ түсіреді.

Артық тұз инсульт, инфаркт және остеопороз қаупін де арттырады. Оның үстіне көптеген адам тұздың негізгі бөлігі дайын тағамдардан түсетінін ескере бермейді. Шұжық, ірімшік, түрлі тұздықтар мен жартылай фабрикаттардың құрамында жасырын тұз мөлшері көп болуы мүмкін.

Күніне қанша тұз тұтынған дұрыс?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ересек адамға тәулігіне 5 грамнан артық тұз тұтынбауға кеңес береді. Бұл шамамен бір шай қасық тұзға тең.

Тұз тұтынуды қалай азайтуға болады?

Мамандар тағамға тұзды шамадан тыс қоспауға және оның орнына табиғи дәмдеуіштерді пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ азық-түлік сатып аларда өнімнің құрамын оқып, ондағы тұз мөлшеріне назар аударған жөн.

Созылмалы аурулары бар адамдар үшін тұзды тұтынуды бақылау ерекше маңызды.

Дәрігерлердің айтуынша, тұзды толықтай алып тастау да, шамадан тыс пайдалану да дұрыс емес. Ең бастысы – оны қалыпты мөлшерде тұтыну. Мұндай жағдайда тұз ағза үшін қауіп емес, керісінше қажетті минералдардың бірі болып қала береді.

Сондай-ақ, тұздың шамадан тыс мөлшері консервілерде кездеседі. Тұз ағзада жиналып, қан тамырларында тромбтардың түзілуіне және тіндерде артық сұйықтықтың жиналуына әкеледі. Қан қысымын көтеріп, тестостерон концентрациясын төмендетеді.