
Қаржы министрі темекі, папирос, сигарилла және қыздырылатын темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы бұйрыққа өзгерістер енгізді.
Соған сәйкес енді 20 данадан тұратын бір қораптың ең төмен бағасы 1 060 теңге болды. Бұған дейін 970 теңге болған.
Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі баға 1 120 теңгеге дейін көтеріледі.
Айта кетейік, бір жылда салыстырмада сүзгісі бар темекілер 12,2%-ға қымбаттады. Ең жоғары өсім мына өңірлерде байқалды:
- Маңғыстау облысында 19,9%-ға;
- Атырау облысында 15,8%-ға;
- Қызылорда облысында 14,1%-ға қымбаттады.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында (әрқайсысында 13,6%-дан) және Ақмола облысында (13,4%) бағаның айтарлықтай өскені байқалды.