Каспий құбырының мұнай тиеуді тоқтатуы ел экономикасына қандай қауіп төндіреді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Chevron компаниясының бас атқарушы директоры Майк Вирт Каспий мұнай құбырының (КҚК) қайта-қайта тоқтауы Қазақстандағы бірқатар ірі мұнай-газ жобаларының болашағына тікелей қауіп төндіреді деп мәлімдеген.

КҚК – Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығаратын ең негізгі әрі экономикалық тұрғыдан ең тиімді бағыт. Жылдар бойы еліміз экспортайтын шикізаттың 80%-ы осы құбыр арқылы Қара теңіздегі Новороссийск портына дейін жеткізіліп келді.

Құбыр арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі кен орындарында өндірілген мұнайы шетел нарығына шығарылады.

Chevron Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі болғандықтан (Теңізшевройл жобасының 50% үлескері), компания КҚК арқылы экспорттың үздіксіз әрі қауіпсіз өтуіне барынша мүдделі.

Майк Вирт түйткілді шешу үшін Chevron компаниясы Қазақстан Республикасының Үкіметімен де, АҚШ мемлекеттік органдарымен де тығыз диалог жүргізіп жатқанын атап өтті.

Бюджетке түсетін қаржы азаяды

Қазақстан бюджетінің едәуір бөлігі мен Ұлттық қордың негізгі резервтері мұнай экспортынан түсетін салықтардан, роялтиден және кедендік экспорттық баждардан (ЭКБ) құралады.

Құбыр бойымен мұнай тасымалы тоқтағанда, шикізат экспорты кілт үзіледі. Бұл мемлекеттік қазынаға жоспарланған салықтардың толық түспеуіне алып келеді.

Бюджет түсімдерінің азаюы әлеуметтік міндеттемелерді орындауды қиындатып, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген және мақсатты трансферттерге деген тәуелділікті арттырады. Бұл болашақ ұрпақтың резервтік қорын мерзімінен бұрын сарқу қаупін тудырады.

Теңге бағамы құбылады

Қазақстан тенгесінің бағамы тікелей елге кіретін валюталық түсімдерге арқа сүйейді. Мұнай экспортының шектелуі валюталық түсімді азайтады. Ит арқасы қияннан келетін шетелдік валюта тапшылығы ішкі нарықта теңгеге қысым түсіріп, ұлттық валютаның бағамын арзандатуы ықтимал.

Ал теңгенің әлсіреуі импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеп соғады. Ал бұл – сатып алу қабілетін төмендетіп, ішкі нарықтағы инфляция спиралін одан әрі айналдыратын басты фактор.

Өндірісті азайту да шығын

КҚК инфрақұрылымы тоқтаған кезде мұнайды сақтайтын резервуарлар санаулы күндердің ішінде лық толады. Мұндай сәтте мұнай өндіруші компаниялар (Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған) өндірісті мажбүрлі түрде шектеуге немесе ұңғымаларды консервациялауға мәжбүр.

Ал терең қабаттардағы жоғары қысыммен өндірілетін мұнай ұңғымаларын тоқтатып, қайта іске қосу – орасан зор қаржыны талап ететін, сонымен бірге кен орнының өнімділігін төмендетіп алу қаупі бар күрделі процесс.

КҚК-ға балама ретінде қарастырылып жатқан бағыттар (Баку – Тбилиси – Джейхан, Қытай бағыты, теміржол тасымалы) қазіргі таңда КҚК өткізу қуаттылығының аз ғана бөлігін алмастыра алады.

Балама бағыттармен мұнай тасымалдау – транзит өзіндік құнын қымбаттатып, мұнайдың әр баррелінен түсетін соңғы таза пайданы (netback) азайтады. Демек, логистиканы тез арада қайта құру да экономикалық тұрғыдан қосымша шығындарға соқтырады.

Қайта-қайта дрон түсті

Бұған дейін КҚК-ның Қара теңіздегі терминалдарында мұнай тиеп тұрған танкерлерге бірнеше рет дрон түскен еді. Соның салдарынан құбыр бір аптадай мұнай тиеуді уақытша тоқтатқан. Кейінне мұнай тиеу қайта басталғанымен, 31 шілде күні КҚК мұнай құбырының жұмысын уақытша тоқтады.

Дегенмен жүк жөнелтушілерден мұнай қабылданып жатыр. Бұл мұнай КҚҚ резервуарларына құйылған. Қазіргі кезде құбыр тәулігіне 100 мың тонна мұнай қабылдап жатыр.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың бірінші жартысында КТК теңіз терминалынан жөнелтілген мұнай көлемі 33,4 миллион тоннаны құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен (36,025 миллион тонна) салыстырғанда төмен.

Сондай-ақ оқыңыз