Шуда дәрігерді балағаттаған азамат жаза арқалады

Жамбыл облысының тұрғыны ауруханадағы ерсі қылығы үшін жазаланды, деп хабарлайды Шу аудандық сотының баспасөз қызметі.
Оқиға мамыр айында болған. Пациенттің туысы Шу қалалық көпбейінді орталық ауруханасына келіп, бөлім меңгерушісімен жанжалдасып қалған. Ол бейпіл сөздер айтып, дәрігерді балағаттаған.
Ер адамға ескерту жасалғанымен, ол агрессивті әрекетін жалғастырған, содан кейін бөлім меңгерушісі полиция шақыруға мәжбүр болған.
Сотта құқық бұзушы кінәсін мойындамады. Оның кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, видеожазбалармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
«Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылып, оған 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – деп хабарлады соттан.
Қаулы заңды күшіне енді.
7 наурызда Қазақстанда медицина қызметкерлерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін өзгерістер күшіне енді.