Танымал блогер Гусейн Гасанов төрт жылға сотталды

Мәскеу соты блогер Гусейн Гасановқа сырттай үкім шығарды. Оны қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды деп айыптап, төрт жылға жалпы режимдегі колонияға қамауды шешті.
Одан бөлек блогерге 1 млн рубль көлеміндегі айыппұл салып, Мәскеудің Пресненск ауданындағы құны 46 млн рубль тұратын тұрғын үйін тәркілеу туралы шешім шығарған.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, прокуратура 155 млн рубль көлемінде айыппұл салып, алты жылға соттауды сұраған. Бірақ сот әлдеқайда жеңіл жаза тағайындады.
Тергеу дерегінше, Гусейн Гасанов 2019-2021 жылдар аралығында 170 млн рубльден астам салық төлемеген деп айыпталып отыр. Бұдан бөлек құны 68 млн рубльге жуық пәтер мәмілесі арқылы тапқан қаржының бір бөлігін заңдастырды деген айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, жылжымайтын мүлікті сату кезінде ақшаның орнына банк ұяшығына крекер қорабы салынған. Тергеушілер бұл әрекет қаржының шығу тегін жасыру үшін жасалған деп есептейді. Гусейн Гасановтың өзі айыпты мойындамады.
Ол инстаграм парақшасында байлыққа жетуді үйрететін бағдарламасын жарнамалап, курс сатумен танылған еді.
2021 жылы Гасанов Алматыға келіп, жанкүйерлермен кездесті. Бірақ шара карантин кезінде өтті, ресми рұқсат берілген жоқ деген себеппен полиция қызметкерлері таратып жіберген.
Оқи отырыңыз: Instagram видео үшін блогер Алексей Лодочниковтың үстінен полицияға арыз түсті.