Арман Шаққалиев қазақстандықтарға сенімді маркетплейстерді таңдауды ұсынды

Шілде айында Wildberries қоймаларында бірнеше ірі өрт оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан маркетплейс қолданушылары өз тапсырыстарының жеткізілу мерзіміне алаңдай бастады.
Үкіметте өткен брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға тауарды уақтылы жеткізуге кепілдік беретін сауда алаңдарын таңдауға кеңес берді.
Журналистер министрден Wildberries қоймаларында болған өрттен кейін тауарға тапсырыс беруге қауіптенетін тұтынушыларға қандай кеңес бере алатынын сұраған еді.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, сатып алушылар тәуекелдерді мұқият бағалап, өздері сенім артқан алаңдарға басымдық беруі тиіс.
«Менің берер кеңесім қарапайым. Өздеріңізге сенім ұялататын маркетплейстерді таңдаңыздар. Жағдайды сараптаңыздар. Тауардың уақтылы жеткізілуіне кепілдік беретін алаңды таңдау керек. Сонда тұтынушы ретінде сіз «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң айнасында әлдеқайда көбірек қорғалған боласыз», – деді министр.
Сондай-ақ ол тауардың бағасына ғана емес, жеткізу сенімділігіне де мән беру маңызды екенін атап өтті.
«Кейде нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен баға әрқашан сұрақ туындатады. Мұның немен байланысты екенін және қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіну қажет», – деп қосты ол.
Сонымен қатар министр отандастарымызға отандық маркетплейстерді жиірек пайдалануға кеңес берді. Оның айтуынша, қалыптасқан жағдай тұрақты логистика мен кепілді жеткізудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Еске салайық, шілде айында Украина Wildberries қоймаларын шабуылдап, бірнеше ірі өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан маркетплейс қолданушылары тапсырыстарының қауіпсіздігі мен жеткізілу мерзіміне алаңдай бастаған.