Азия ойындары: бокстан әйелдер құрамасы жасақталды

Бокстан Азия континентінің басты бәсекесіне қатысатын Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы белгілі болды. Бас бапкер Елдос Сайдалин құрама сапында өнер көрсететін 5 боксшының есімін ресми түрде жариялады.
Құрама сабында кімдер бар?
- 51 кг: Алуа Балқыбекова
- 54 кг: Назым Қызайбай
- 60 кг: Виктория Графеева
- 65 кг: Аида Әбікеева
- 75 кг: Наталья Богданова
Тарихи алтыннан үміт көп
Бапкерлер штабының шешімімен Назым Қызайбай мен Наталья Богданова бұл жолы жаңа салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Әйтсе де, қос спортшы да бұған дейін бірнеше халықаралық турнирге қатысып, жаңа салмаққа бейімделіп үлгерген.
Осы уақытқа дейін бұрымды боксшыларымызға Азия ойындарында алтын медаль бұйырмаған болатын. Бұл жолы ұлттық құрама тарихи көрсеткішті жаңартып, алғашқы алтынды иеленуді көздеп отыр.
Айта кетейік, байрақты бәсеке қыркүйектің соңы мен қазан айының басында Жапонияның Нагоя қаласында өтеді.
Бұған дейін, Азия ойындарына Елдос Сметов бастаған дзюдодан құраманы жариялаған еді.