«Қайраттың» тағы үш ойынының өтетін орны мен уақыты өзгерді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: ФК Қайрат

Алматылық «Қайрат» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасындағы алдағы үш өз алаңындағы кездесуінің өтетін орны мен мерзімі өзгергенін ресми түрде хабарлады. Кестедегі ауқымды өзгерістерге Алматыдағы Орталық стадионда өтетін жаппай шаралар мен кейінгі техникалық жұмыстар себеп болған.

Чемпиондар лигасы мен Премьер-лига ойындары қайда өтеді?

Бұған дейін белгілі болғандай, 14 тамызда өтетін америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне байланысты «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы ойынын 11 тамыз күні Түркістан қаласында өткізетін болып шешілген еді. Сондай-ақ ішкі біріншіліктегі бірқатар матчтар да жаңа кестеге көшірілді:

«Қайрат» – «Жеңіс» (21-тур): 8 тамызға жоспарланған кездесу басқа күнге ауыстырылды. Жаңа мерзімі кейінірек хабарланады. Алматылық клуб түсіністік білдіргені үшін «Жеңіс» ұжымына алғыс айтты.

«Қайрат» пен «Ұлытау» арасындағы ойын 15 тамыз күні Орталық стадионда емес, Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК Академиясының алаңында өтеді.

Ал 22 тамызға жоспарланған «Қайрат» пен «Ертіс» ойыны елдегі Құрылтай сайлауын өткізуге байланысты кейінге шегерілді. Кездесудің жаңа күні қосымша жарияланбақ.

Еске сала кетейік, бүгін 4 тамыз күні «Қайрат» сырт алаңда болгариялық «Левски» командасымен ойнайды. Ал 11 тамыз күні Түркістанда қарымтай ойын өткізеді.

Сондай-ақ оқыңыз