Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққандар арасында өлім-жітім 26,6%-ға төмендеді

Қазақстанда соңғы үш жылда қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші артып, өлім-жітім айтарлықтай азайды.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, соңғы үш жылда обырды ерте сатысында анықтау үлесі 6,1%-ға өсіп, 36,8%-ға жеткен. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың асқынған жағдайлары 7,5%-ға қысқарған.
Осы кезеңде қатерлі ісікке шалдыққан пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға дейін көтерілсе, онкологиядан болатын өлім-жітім 26,6%-ға төмендеген.
Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, негізгі тиімділік көрсеткіштері бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы елдердің бірі саналады. Сондай-ақ елдің онкологиялық қызметі ерте диагностика мен заманауи емдеу тәсілдері кеңінен қолданылатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне біртіндеп жақындап келеді.
Қазіргі таңда елімізде 246 мың адам онкологиялық аурулар бойынша динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 43 мың жаңа онкологиялық диагноз тіркеледі.
Мұның алдында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы препараттың бағасы қанша болатынын айтқан еді.