Қазақстанда ПСЖ футбол академиясы ашылады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: psgacademy

Әлемдік гранд Париж Сен-Жермен (ПСЖ) футбол клубы Қазақстан Республикасында ресми PSG Academy филиалының ашылатынын жариялады. Астана қаласында орналасатын академия – отандық кәсіпкер Алмаз Альсеновтің бастамасымен іске асырылып жатқан ауқымды жоба.

Осылайша, Қазақстан халықаралық PSG Academy желісіне қосылған 24-ші мемлекет атанды.

Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы FIFA стандарттарына сай жабық алаңы бар Air Arena спорт кешенінде орналасады. Бұл ауа райының кез келген қолайсыздығына қарамастан, жыл бойы үздіксіз жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.

Қабылдау қашан басталады

2026 жылдың қыркүйек айынан бастап 6 мен 14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұлдар мен қыздар қабылданады. Апталық жаттығулар, каникул кезіндегі футбол лагерлері, турнирлер, жолдастық кездесулер және халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Жергілікті бапкерлер Париждегі клубтың орталық техникалық тобының бақылауымен ресми ПСЖ әдістемесі бойынша арнайы оқудан өтеді.

Академия жұмысын Астанада бастағанымен, болашақта бағдарламаны Қазақстанның басқа өңірлеріне де кеңейту жоспарланып отыр.

«PSG Academy-ді Қазақстанға алып келіп, жас футболшыларымызға әлемдік деңгейдегі жаттығу әдістемесін ұсынатынымызды мақтан етеміз. Бұл серіктестік арқылы біз балалардың тек спортшы ретінде емес, алаңда да, одан тыс жерде де өзіне сенімді, тәртіпті тұлға болып қалыптасуына үлес қосуды көздейміз», – деп атап өтті PSG Academy Kazakhstan негізін қалаушы Алмаз Альсенов.

ПСЖ академиясы – 2005 жылы құрылған, бүгінде әлемнің 24 елінде 200-ден астам жаттығу орталығы бар және жыл сайын 50 000-нан астам жас футболшыны даярлайтын ғаламдық желі. Ал 1970 жылы құрылған Париж Сен-Жермен клубы қазіргі таңда Францияның ең беделді ұжымы. Клуб 2025 жылы УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарып, өз тарихындағы кезекті белесті бағындырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз