ҚМДБ тойдағы уағызға қатысты мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желіде «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда тойда пікір білдірген ер адамның видеосы тарап, қоғамда үлкен талқы тудырды. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арнайы мәлімдеме жасап, діни мәселелерге қатысты пікір білдіру үлкен жауапкершілікті талап ететінін еске салды.
Өнер өкілдерін айыптау және әйелдерді кемсіту – өрескел қателік
Муфтият мәлімдемесінде Ислам дінінің негізгі ұстанымдарын атап өтті:
«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Қандай әндерге рұқсат етіледі?
Діни басқарманың түсіндіруінше, ислам діні адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді құптамайды.
Алайда отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының ортақ пікірі бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндейді.
Муфтият ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырды.
Еске сала кетейік, бұл жағдайға қатысты Ерлан Қарин де пікір білдірген еді.