Қызметте ұзақ отырған әкімдер (Инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері / фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстандағы 20 өңірдің қазіргі әкімдері қызмет өтілі бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Бірқатар әкім облысты төрт жылдан астам уақыттан бері басқарып отырса, кейбір өңір басшылары қызметіне жақында ғана кіріскен.

Kursiv Media Ақорданың ресми тағайындау туралы жарлықтары мен хабарламаларына сүйеніп, 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдері қанша күн қызмет атқарғанын есептеді. Рейтинг 2026 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша жасалды.

«4 жылдық әкімдер»

Тізімнің басында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тұр. Екеуі де қазіргі қызметіне 2022 жылғы 11 маусымда тағайындалған. Содан бері олардың әрқайсысы өңірді 1 516 күн бойы басқарып келеді.

Үшінші орында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов тұр. Ол бұл лауазымға 2022 жылғы 1 желтоқсанда тағайындалған және қызметіне кіріскеніне 1 343 күн болды.

Одан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев келеді. Ол өңірді 1 342 күннен бері басқарып отыр. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қызмет мерзімі 1 337 күнге жетсе, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек 1 336 күннен бері қызмет атқарып келеді.

2023 жылғы 5 қыркүйекте бірнеше өңірде бір күнде кадрлық ауыс-түйіс болған. Сол күні Марат Ахметжанов Ақмола облысына, Асхат Шахаров Ақтөбе облысына, Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысына, ал Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласына әкім болып тағайындалған. 2026 жылғы 5 тамызға қарай олардың әрқайсысының қызмет мерзімі 1 065 күнді құрады.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірді 1 047 күннен бері басқарып келеді. Ал Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қызмет мерзімі 810 күнге жетті.

2025 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан әкімдердің қатарында Түркістан облысының басшысы Нұралхан Көшеров, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды бар.

Нұралхан Көшеров Түркістан облысын 576 күннен бері басқарып отыр. Берік Уәли мен Нұрымбет Сақтағановтың әрқайсысының қызмет мерзімі 534 күнге тең. Ал Дархан Сатыбалды Алматы әкімі болып тағайындалғаннан бері 438 күн өтті.

Биыл тағайындалған су жаңа әкімдер

Рейтингтің төменгі бөлігінде қызметіне 2026 жылы кіріскен өңір басшылары орналасқан. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев бұл лауазымға 2026 жылғы 8 мамырда тағайындалған. Оның қызмет мерзімі 89 күнді құрады.

Ең аз уақыт отырған әкімдер — Атырау облысының басшысы Болат Ақшолақов пен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен. Екеуі де 2026 жылғы 17 шілдеде тағайындалған. 5 тамыздағы жағдай бойынша олардың қызметіне кіріскеніне 19 күн болған.

Жалпы, қазіргі әкімдердің жетеуі өз өңірін 1 300 күннен астам уақыт бойы басқарып келеді. Ал төрт әкімнің қызмет мерзімі 100 күнге де жетпеген.

Рейтинг әкімдердің жалпы мемлекеттік қызметтегі немесе бұған дейін басқа өңірлерде атқарған жұмыс өтілін қамтымайды. Есеп тек қазіргі облыс немесе қала әкімі қызметіне Ақорда шешімімен ресми тағайындалған күннен бастап жүргізілді.

Сондай-ақ оқыңыз