Air Astana әуе компаниясының түсімі артқанымен, шығынға батқан

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
фото; Air Astana
Әуе компаниясы шығынға батты / фото: Air Astana

Air Astana әуе компаниясы 2026 жылдың алты айында 763,9 миллион доллар түсім алған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға артық. Ал екінші тоқсандағы түсім 433 млн долларды құрады.

Биыл түсім артқанымен, компания таза пайдаға шыға алған жоқ. Жарты жылдағы шығын 21 млн долларға жетсе, ІІ тоқсанда 0,1 млн доллар шығынға батқан. Оған компанияның түрлі мәселеге жұмсаған қаржысының көбеюі себеп болған.

Олардың қатарында әуе отынының қымбаттауы, теңге бағамының нығаюы, ұшақ сатып алу, оларға техникалық қызмет көрсету және Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты туындаған мәселелерді шешу бар.

2025 жылы Pratt & Whitney қозғалтқыштарын 22 рет жоспардан тыс шешіп алуға тура келген. Соның салдарынан ең жоғары сұраныс кезеңінде компанияның 13 ұшағы істен шыққан.

«Халықаралық нарықтағы ең үлкен бағыты – Қытай. Бірінші тоқсанда Шанхай бағыты іске қосылғаннан кейін біз Гуанчжоу, Үрімжі және Сиань қалаларына қосымша рейстерді қосып, Қытай бағыты бойынша жазғы сыйымдылықты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайттық. Нәтижесінде аптасына 51 рейске дейін орындалып, жыл соңына қарай Қытайдың тоғыз қаласына қызмет көрсетілетін болады. Сонымен қатар Үндістан, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия және Кавказ бағыттарындағы рейстер саны артты», – дейді Air Astana-ның бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.

Айта кетейік, Air Astana-ның 2025 жылғы түсімі 11,4%-ға өсіп, 1,5 миллиард долларды құраған еді. Әуе компаниясының негізгі акционері – 41% үлесті иеленетін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

Air Astana әуе компаниясы 8,3 млрд еуроға 50 жаңа Airbus сатып алатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз