Жесір әйел ретінде танысқан ер адам ынтық жігіттен 2,5 млн теңге алған

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Атырауда 34 жастағы ер адам әлеуметтік желіде өзін Роза есімді жесір әйел ретінде таныстырған.

Halyqstan ақпаратына қарағанда, екі ай ішінде ол танысынан 2,5 млн теңгеден астам ақша алған.

Тергеу мәліметінше, күдікті бейтаныс әйелдің суретін аватар ретінде қойып, өзін 44 жастағы жесір әйел ретінде таныстырған. Әңгіме барысында ол жол апатынан күйеуінен айырылғанын айтып, қаржылық қиындықтарға тап болғанын жеткізген.

Жәбірленуші оған азық-түлік, қарыз, айыппұл және басқа да шығындар үшін бірнеше рет ақша аударып отырған. Екі ай ішінде ол түрлі төлем сервистері арқылы шамамен 170 аударым жасап, жалпы 2 580 900 теңге жіберген.

Алаяқтық әшкереленген соң жәбірленуші полицияға жүгінген.

Сотта анықталғандай, 34 жастағы айыпталушы бұған дейін де алаяқтық үшін сотталған. Ол кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды толық өтеген.

Жәбірленуші айыпталушыны кешіріп, азаматтық талаптан бас тартқан. Соттан оған қатаң жаза қолданбауды сұраған.

Нәтижесінде сот ер адамды ақпараттық жүйені пайдаланып жасалған алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 500 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды.

Мұның алдында Қарағандыда «қарғысты қайтарамыз» деген балгерлер қарияның 15 млн теңгесін алып кеткені әшкереленді.

Сондай-ақ оқыңыз