Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі ертерек жарияланады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі ертерек жарияланады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 7 тамыз күні сағат 15:00-де жарияланады. Бұл туралы ҚР гылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

Министрдің айтуынша, Республикалық комиссия мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуді аяқтады. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, білім беру саласының кәсіподақтарының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және ЖОО-лар қауымдастығының өкілдері кірді.

«Биыл конкурсқа қатысу үшін 127 мыңнан астам өтініш келді. Талапкерлер арасында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» даярлау бағыттары ең үлкен сұранысқа ие болды», – деп хабарлады Саясат Нұрбек.

Министр, сонымен қатар, биылғы ең жоғары конкурс болашақ аудармашыларды, дипломаттарды, заңгерлерді, психологтарды және педагогтарды даярлайтын білім беру бағдарламаларында күтілетінін атап өтті.

Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімдері 7 тамызда сағат 15:00-де Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпараттық ресурстарында, сондай-ақ ведомство басшысының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.

Айта кетейік, осыған дейін нәтижелерді қайдан көруге болатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз