Қонаев қаласында Формула-1 жарысына арналған катер шығаратын зауыт салынады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Елде Формула-1 жарысына арналған катер шығаратын зауыт салынады
Елде Формула-1 жарысына арналған катер шығаратын зауыт салынады / фото: pixabay

Қонаев қаласында Formula-1 H2O жарысына арналған катерлер шығаратын зауыт пен пилоттар даярлайтын академия ашу көзделіп отыр.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық Formula-1 H2O чемпионаты таяудағы бес жыл бойы Қапшағай су қоймасында өтеді.

Жобаны жүзеге асыру келешегін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әлемдік біріншілікті ұйымдастырушы H2O Racing компаниясының өкілдерімен талқылады.

Өңір басшысының айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізу Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, туризмді дамытуға қосымша серпін береді. Ол жергілікті билік Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екенін атап өтті.

H2O Racing өкілі Раймондо ди Сан Джермано Қонаев қаласы Орталық Азиядағы Formula-1 H2O даму орталығы ретінде таңдалғанын хабарлады. Бұл жерде әлем чемпионатын өткізумен қатар, пилоттарды және спорттық кемелерді басқару мамандарын даярлайтын академия ашу жоспарланған. Сонымен бірге аймақта спорттық катерлер шығаратын зауыт салып, спорттың осы түрінен федерацияны дамыту көзделіп отыр.

Тағы бір маңызды бағыт – Formula-1 H2O халықаралық жарыстарында бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасын жасақтау. Ұйымдастырушылардың бағалауынша, толыққанды құрама команданы алдағы бір жыл ішінде жинақтау жоспарланған.

Еске сала кетейік, биыл Formula-1 H2O чемпионатының кезеңі Қырғызстандағы Ыстықкөлде өтті. Келесі әлемдік кезең 2027 жылы Қапшағай су қоймасында ұйымдастырылады.

Жарыстың трансляциясын бүкіл әлем бойынша миллиардқа жуық көрермен тамашалайды деп болжанып отыр. Ұйымдастырушылардың пікірінше,бұл Қазақстанның туристік әлеуетіне назар аудартуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз