Министрлік апаттың алдын алу үшін көлік жүргізушілеріне кеңес берді

Қазақстандағы жол апатының басым бөлігі жылдамдықты асыру, көлікті басқара алмай қалу салдарынан болады. Көлік министрлігі соған байланысты көлік жүргізушілеріне кеңес берді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жол апатының 91%-ы жүргізушінің жол ережесін сақтамағаны салдарынан болады.
- Оның ішінде жылдамдықты арттыру көрсеткіші – 33%,
- көлікті басқара алмау – 14%,
- арақашықтықты сақтамау – 13%,
- жол белгілерін елемеу – 10%.
Министрлік жазда көлік қозғалысы жиілейтінін ескеріп, көлік жүргізушілеріне жолда аса мұқият болуға кеңес берді.
«Белгіленген жылдамдықты асырмай, шаршап тұрғанда көлік айдамай, қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде және қараңғы уақытта ерекше сақтық таныту қажет. Көлікте бала отырған кезде қауіпсіздік белдіктері міндетті түрде тағылуы керек. Жол апатының басым бөлігі адам факторынан туындап отыр», – деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, жол апатының санын азайтуға ықпал еткен жолдың бірі – жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым ақылы жол учаскелерінде енгізілген орташа жылдамдықты бақылау жүйесі. Бұл осы жолдарда жол апатының санын 17%-ға төмендетуге мүмкіндік берген.