Жаңалықтар

Астанада марафон үшін кейбір көшелер жабылады

марафоны
Астанада марафон үшін кейбір көшелер жабылады / unsplash.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Астанада жыл сайынғы Jüregımnıñ Jenımpazy фестивалінің өтуіне байланысты бірнеше көше уақытша жабылады, деп хабарлады елорда әкімдігі.

Шара жексенбі, 9 тамызда өтеді. Осыған байланысты қозғалыс шектеледі:

  • сағат 7.00-ден 08.05-ке дейін – Түркістан көшесінің Abu Dhabi Plaza ғимаратына қарай бағыттағы бір жолағы бойынша;
  • сағат 7.00-ден 07.40-қа дейін – Ұлы Дала даңғылында толығымен;
  • сағат 7.10-нан 09.15-ке дейін – Ақмешіт көшесінің бойымен ЭКСПО алаңындағы мәреге қарай бағыттағы бір жолағы бойынша.

«Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өз бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады. Ауқымды шараның өткізілуіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Jüregımnıñ Jenımpazy – Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық жүгіру жарыстарының бірі. Тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған шара адам өмірін сақтап қалу және трансплантологияны дамыту идеясы төңірегінде мыңдаған қатысушының басын қосады», – делінген хабарламада.

Шараның қатысушылары мен қонақтары шамамен 7000 адамды құрайды. Олар 10, 3 және 1 шақырым қашықтықта өз бақтарын сынай алады. Жүгіру жарысы сағат 7.00-де басталады.

Айта кетейік, осыған дейін Астанада 2026 жылы 26-ға жуық марафон өткізу жоспарланғаны туралы жазған едік.