Атакент маңында ер адам балаларды бауыздап кетемін деп қорқытқан

Алматыда полиция «Атакент» көрме кешені маңында бір топ балаға жасалған шабуылды зерттеп жатыр. Белгісіз ер адам 10 жасар ұл баланың бетінен ұрып, балаларды соққыға жығамын деп қорқытқан. Қалалық полиция тергеуді бастады.
Анасының айтуынша, ер адам алдымен қыз баланы ұрмақ болған, бірақ ол тығылып үлгерген. Содан кейін ол 10 жасар ұлының көзінен жұдырықпен ұрған. Баланың дене жарақаттары тіркеліп, көзінің асты көгерген.
Әйелдің айтуынша, балалардың тәлейіне оқиға маңында Қорғаныс министрлігі Бітімгершілік даярлау орталығының әскери қызметшілері болған. Олар ер адамды ұстап, полиция шақырып, оны келген қызметкерлерге тапсырған.
Әскери қызметшілердің айтуынша, ұстау кезінде ер адам қазақтарды жек көретінін айтып айғайлап, кейін балаларға қарай бағыт алып, оларды «бауыздап кетемін» деп қорқытқан.
Зардап шеккен баланың ата-анасы полицияға арыз жазды, баланың дене жарақаттары тіркелді. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті түрде құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданады», – деп түйіндеді полицияда.
Айта кетейік, осыған дейін оқиға орнында балаларды құтқарып қалған әскерилер туралы жазған едік. Олар подполковник Батыр Тұяқов, майор Медет Махметов, капитан Данияр Баймулдин мен Әсем Әбдірайымова. Оқиға 5 тамыз күні сағат 8:00 шамасында «Атакент» саябағы ауданында болған.