
Бұрынғы Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі әрі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға сұқбат беріп, өзінің отбасы туралы аз-кем айтып берді.
Бастапқыда Бекболат Тілеухан отбасы туралы, үш әйелі туралы, балалары туралы сөз қозғағысы келмеген. Бірақ журналистің табандылығымен бірнеше сұраққа қысқа қайырып жауап берді.
Экс-депутаттың сөзінше, оның анасы үшінші келінін көрмеген. Яғни Бекболат Тілеуханның үшінші әйелімен танысып үлгермеген.
«Төсегімдегі әңгімені айтпай-ақ қояйықшы. Раушан, Кенже, Жанар менің балаларымның анасы. Мен оларды құрметтеймін. Қазір бір әңгіме айтамын, баламның көңіліне тиеді, Раушанның туыстары бар, олардың көңіліне тиеді, Кенженің көңіліне тиеді, Жанардың көңіліне тиеді», – деді экс-депутат.
Журналист одан «өмірге қайта келсеңіз үш рет үйленер ме едіңіз?» деп сұрады.
«Ол менің тағдырым. Коммунист Бауманның сөзі бар екен «екінші рет өмірге келсем де, қайтадан осы жолмен жүрер едім деген. Сол айтқандай Алла тағала иманды, алтындай қазақтың қыздарын маған жар қылып берді. Әрқайсының өзінің орны бар», – деп қайырды ол.
Бұған қоса, ол балаларының өзге ұлтпен отау құрғанына қарсы емес екенін, тек мұсылман жар таңдауы керегін айтты. Дегенмен балалардың мамандық немесе діни көзқарасына ықпал етудің мүмкін еместігінде мойындады.
Журналист оның бір ұлының үйленгенін еске салғанда, баласының ажырасып кеткенін айтты.