Дархан Сатыбалды: Жол жөндеген уақытта тұрғындар зардап шекпеуге тиіс

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисте құрылыс жүргізу кезінде тұрғындарға қолайсыздық жасамауды тапсырды. Өткен демалыс күндері Абай даңғылында қозғалыс шектеуліне байланысты көлік кептелісі болып, алматылықтар қала билігін сынаған.
«Қала әкімі «Оңтүстік» және Ганди саябақтарындағы көріктендіру жұмыстарының барысын тексерді. Сапар соңында барлық жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, жобаларды жүзеге асыру кестесін сақтау және құрылыс кезінде тұрғындарға келетін қолайсыздықты барынша азайту жөнінде тапсырма берілді», – деп таратты мегаполис әкімдігі.
Бұған қоса, әкім Розыбакиев және Жароков көшелерінде салынып жатқан заманауи қоғамдық кеңістіктердің құрылыс барысымен танысқан.
Естеріңізге сала кетейік, 1-2 тамыз күндері Абай даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысындағы ауданда қозғалыс шектелді. Соның салдарынан мегаполисте көлік тығыны пайда болып, алматылықтар әлеуметтік желілерде қала билігінің әрекетін сынады.