Елде 2 миллионға дейінгі жалақыны кімдер алады

Еңбек министрлігі 2 миллионға дейінгі жалақыны қай маман иелерінін ұсынатындарын айтып берді.
Министрлік дерегінше, бүгінде Enbek.kz Электронды еңбек биржасында Қазақстан бойынша 53 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.
Ведомствода жұмыс берушілер білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өндіріс, көлік және логистика салаларының мамандарын белсенді түрде іздеп жатқанын нақтылады. Сондай-ақ арнайы біліктілігі жоқ ізденушілерге де бос жұмыс орындары ұсынылған.
«Жалақы мөлшері мамандыққа, біліктілікке және жұмыс тәжірибесіне байланысты. 11 мыңнан астам бос жұмыс орны бойынша 300 мың теңгеден жоғары жалақы қарастырылған», – деп хабарлады ҚР Еңбекминінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, білікті маман иелері үшін бұдан да тартымды жағдайлар бар:
- IT саласы – 2 миллион теңгеге дейін;
- Өндіріс саласы – 1,7 миллион теңгеге дейін;
- Құрылыс саласы – 1,2 миллион теңгеге дейін;
- Ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саласы – 1 миллион теңгеге дейін;
- Білім беру саласы – 750 мың теңгеге дейін.
«Егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз немесе салаңызды өзгерткіңіз келсе, Электронды еңбек биржасына кіріп, өзіңізге лайық бос жұмыс орнын таңдаңыз», – деді ведомство.
Бұған дейін елдегі ең жоғары жалақыны 35-45 жас аралығындағы азаматтар алатынын белгілі болған еді.