Мүгедектік рәсімдемей-ақ есту аппаратын алуға болады

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Мүгедектік рәсімдемей-ақ есту аппаратын алуға болады / Фото: Shutterstock

Есту қабілеті нашар қазақстандықтар мүгедектігі болмаса да, медициналық көрсеткіштер бойынша есту аппараттарын ала алады. Жаңа механизмді Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі.

Ведомство барлық ұйымдастырушылық процедура аяқталғаннан кейін, мыңдаған пациент осындай көмекті пайдалана алатынына уәде береді.

Осы уақытқа дейін есту аппараттары есту қабілеті бұзылған деген мүгедектігі бар адамдар санатына ғана тегін беріліп келді. Енді сурдолог-дәрігер есту протездеуін тағайындаған барлық пациент оны тегін алуға құқылы.

«Есту реабилитациясын ерте бастау өмір сүру сапасын сақтауға, білім алу, қарым-қатынас жасау және әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін жақсартуға көмектеседі», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Жанар Сәдуаева.

Аппаратты алу үшін пациент сурдологтың тексеруінен өтуі қажет. Дәрігер есту қабілетінің төмендеу деңгейін бағалайды, қолайлы модельді таңдайды және медициналық қорытындыны рәсімдейді.

Жаңа жүйе есту аппаратын беруді ғана қарастырмайды. Оған сонымен қатар құрылғыны жеке таңдау және баптау, құлақ ішілік жапсырманы жасау, пациентті үйрету, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсету кіреді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, есту қабілетін жоғалтудың әртүрлі деңгейіндегі пациенттерге арналған әртүрлі қуаттағы заманауи есту аппараттары модельдерінің тізбесі қалыптастырылып қойған.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда ым тіліне ресми мәртебе берілуі мүмкін екенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз