Мұнай қайта арзандады: WTI 75 доллардан төмен түсті

Әлемдік мұнай нарығында баға қайта төмендеді. 6 тамыздағы азиялық саудада Brent маркалы мұнай барреліне шамамен 79,3 доллар, ал АҚШ-тың WTI мұнайы 75 доллар деңгейінде саудаланды.
Нарықтағы негізгі себеп – АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс бәсеңдеуі мүмкін деген үміт. Инвесторлар Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалы біртіндеп қалпына келеді деп күтуде.
Reuters дерегінше, Иран мен Оман Ормұз бұғазындағы кеме қозғалысын реттеу мәселесі бойынша белгілі бір түсіністікке келген. Бұл АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған кеңірек келісімге жол ашуы мүмкін.
Алайда баға әзірге күрт құлдыраған жоқ. Себебі келіссөздердің нәтижесі нақты емес. Иран АҚШ-пен ресми бейбіт келіссөз жүріп жатқанын растаған жоқ. Сонымен қатар Қызыл теңіз бен Аден шығанағында танкерлерге шабуыл жасау қаупі сақталып отыр.
Мұнайға қысым жасаған тағы бір фактор – АҚШ-тағы қордың өсуі. Елдегі коммерциялық мұнай қоры бір аптада 2,5 млн баррельге көбейіп, 407 млн баррельге жетті. Сарапшылар қор азаяды деп болжаған еді.