«Алдымен өздері ұрып кеткен» – Ақтауда ұсталған жасөспірімдердің туысы

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мектеп оқушысын соққыға жықты деп айыпталған жасөспірімдердің бірі, Бақытжанның әпкесі оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты.

Kriminal_kazakhstan ақпаратына қарағанда, ол Бақытжан мен Сәлидің жасөспірімді ұрғанын мойындап, отбасы олардың әрекетін ақтамайтынын және зардап шеккен бала мен оның ата-анасынан кешірім сұрайтынын жеткізген.

Туыстарының айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған ақпарат оқиғаның толық көрінісін қамтымайды.

Әйелдің сөзінше, сол оқиғаға дейін Бақытжан мен Сәлиге 8-9 адамнан құралған топ шабуыл жасаған. Бірнеше сағаттан кейін олар Әбішті кездестірген. Бақытжанның әпкесінің айтуынша, Әбіш сол топтың құрамында болған. Сол кезде Бақытжанның бас сүйегі жарылған көрінеді.

Жасөспірімдер одан бұған дейінгі төбелеске қатысқан тағы бір адамды сөйлесуге шақыруды талап еткен. Кейін олар Әбіштің телефонынан тағы да адамдардың төбелесу үшін жиналып жатқанын білген. Соған ызаланып, оны екі рет аяғымен тепкен.

Туыстары жәбірленушілердің өздері бірінші болып күдіктілерді ұрып кеткенін айтып, оларды да жазаға тартуға шақырып отыр.

Қазіргі уақытта бұл оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Бір тараптың мәлімдемесі тергеудің ресми қорытындысы болып саналмайды.

Мұның алдында Ақтауда екі жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсіргені туралы ақпарат тараған еді.

Сондай-ақ оқыңыз