Банк пен қаржы

АҚШ соты Meta-ны қоғамға қауіпті деп танып, 1 млрд доллар айыппұл салды

АҚШ соты Meta-ны қоғамға қауіпті деп таныды / Фото: Reuters

Нью-Мехико штатының соты Facebook, Instagram және WhatsApp компанияларының иесі – Meta-ға жалпы 942 млн доллар айыппұл тағайындады. Компания бұл қаражатты әлеуметтік желі алгоритмдерінің балаларға келтіретін зияны мен пайдаланушылардың жасын тексерудің жеткіліксіз тиімділігі үшін төлеуге міндеттелді.

Судья Брайан Бидшейд Meta-ны «қоғамдық қауіп» деп атады. Жеке тоқталсақ, компания әлеуметтік желілерінің алгоритмдері тәуелділік тудыратыны үшін айыпты деп танылды. Оған мұны түзету, сондай-ақ, балаларды сексуалдық қанауға жол бермеу үшін жасты тексеру жүйесін жақсарту міндеттелді.

Бұдан бөлек, 7 тамызда сот технологиялық гигантты 567 млн доллар төлеуге міндеттеді. Ал наурыз айында дәл осы сот компанияға 375 млн доллар сомасында айыппұл салған. Ол кезде алқабилер компанияның балалардың психикалық денсаулығына әдейі зиян келтіргенін және өз платформаларында оларды сексуалдық қанау туралы ақпаратты жасырғанын анықтаған еді. The Guardian жазуынша, әңгіме бір істің екі кезеңмен өтуінде болып отыр. Нәтижесінде айыппұлдардың жалпы сомасы $942 млн құрады.

Судьяның айтуынша, қаражаттың басым бөлігі Нью-Мехико штатының жастарын интернет-тәуелділіктен емдеуге жұмсалады. Қалған ақша оның алдын алуға бағытталады.

Компания екі айыппұл бойынша да шағым түсіруді жоспарлап отыр. Бұдан өзге, Meta жасөспірімдерді қауіпті контенттен қорғау үшін жеткілікті күш салмауда дегенді жоққа шығарады және соттың бұған кері мәлімдемесіне дауласатын болады.

Нью-Мехико прокуратурасының талап-арызы сотта әлеуметтік желілердің балалар денсаулығына зиян тигізетінін дәлелдей алған алғашқы табысты кейс болды. Сот, сонымен қатар, Meta-дан олар үшін шектеу енгізуді: яғни әлеуметтік желілерді айына 90 сағаттан артық пайдаланбау жүйесін қосуды талап етті.