Президент кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың отбасына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, танымал кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айту жеделхатын жолдады.
Президент өз жеделхатында марқұмның отандық кинематографияны дамытуға қосқан орасан зор үлесі мен артында қалдырған өшпес рухани мұрасын ерекше атап өтті.
«Ардақ Әмірқұлов бар саналы ғұмырын кино өнеріне арнап, ұлт мәдениетін ұлықтауға мол үлес қосты. Кәсіби киногер ретінде «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» сияқты тарихи туындыларды таспалап, төл руханиятымыздың алтын қорын байыта білді. Қазақ кинематографиясын өркендету жолында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Соңына рухани мол мұра қалдырған Ардақ Әмірқұловтың иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.
Айта кетейік, осыған дейін «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» фильмдерін түсірген кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өткені туралы жазған едік.