Қайта-қайта өртенген «Семей орманы» резерваты 3,1 млрд теңгеге техника алды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Семей орманы резерватындағы өрт
Орман өрті / фото: Экология министрлігі

Абай облысындағы «Семей орманы табиғи резерватына заманауи арнайы техника сатып алуға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы Экология министрлігі хабарлайды.

Елдің шығысындағы орман биыл қайта-қайта өртенді. Соған байланысты «Жасыл даму» компаниясы өрт сөндіруге арналған техника сатып алу үшін қаражат аударды. Министрлік мәліметінше, ақшаға 39 өрт сөндіру автоцистернасы, 10 трактор және 26 жол талғамайтын көлік сатып алынды.

«Резерваттың материалдық-техникалық базасын жаңарту өрт қауіпті маусымға дайындықты күшейтуге, өрт ошақтарына жедел ден қою уақытын қысқартуға және орман қорын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп таратты министрлік.

Кейінгі үш жылда «Жасыл даму» ұлттық табиғи парктерге, орман резерваттарына, қорықтарға және орман шаруашылығы мекемелеріне заманауи арнайы техника сатып алуға 33,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Ол ақшаға 1 мың бірліктен астам арнайы техника сатып алынған.

Сондай-ақ оқыңыз