
Астанада Орталық Азиядағы ауқымды поп-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 басталды. Фестивальдің басты хэдлайнерлерінің бірі, әлемге танымал «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлін сомдаған даниялық актер Николай Костер Вальдау журналистермен кездесіп, Қазақстаннан алған ерекше әсерлерін бөлісті.
Актер Астанада өткізген бір күннің өзінде соңғы үш жылда жемеген етті жегенін айтып, әзілдеді. Сонымен қатар ол елорданың символы «Бәйтерек» монументіне барып, «алтын алақанға» қолын қойып, жүрекжарды тілек тілегенін жеткізді:
«Тілеген тілекті жариялауға болмайтынын білесіздер… Дегенмен мойындайын: Астанаға қайта келуді тіледім», – деді актер.
«Қазақстан – Ланнистерлер мен дотракийлер арасындағы дипломатия мекені»
Журналистердің «Қазақстан Тақтар таласы әлемінде қандай орын алар еді?» деген сауалына актер еліміздің геосаяси орналасуын сериал сценарийімен шебер байланыстырды:
«Сериал өлшемімен қарасақ, Қазақстан қазірдің өзінде екі қуатты көршінің ортасында орналасқан. Ол Ланнистерлер мен дотракийлер елінің арасындағы дипломатия аумағы болар еді. Мен оны екі тарап та өздерінің ең жақын досы санайтын ел ретінде елестетемін», – деп сөзін түйіндеді Костер Вальдау.
Сондай-ақ ол қазақстандық кино өнерімен жақынырақ танысқысы келетінін және Маңғыстаудың табиғатына тәнті болғанын атап өтті.
Comic Con фестивалі – кино, сериал, комикс, бейнеойын және косплей жанкүйерлерінің басын қосатын халықаралық брендке айналды. Осыған дейін фестиваль қонағы ретінде Мадс Микельсен, Энди Серкис, Скот Эдкинс сияқты әлемдік жұлдыздар келген болатын.